Сайрам-Өгем мемлекеттік
ұлттық табиғи паркі

Табиғатты қорғау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Осы мақсатта көптеген елдерде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады. Солардың бірі – ұлттық парктер. Ұлттық парктердің басты мақсаты – табиғи кешендерді, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғау, сондай-ақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу және экологиялық туризмді дамыту.

Мұндай аумақтарда орман ресурстарын пайдалану ерекше тәртіппен жүзеге асырылады. Соның ішінде орманды жанама пайдалану маңызды рөл атқарады. Орманды жанама пайдалану – ағашты өндірістік мақсатта кесумен байланысты емес, орманның басқа табиғи байлықтарын пайдалану түрі. Оған орманда өсетін жидектерді, саңырауқұлақтарды, жаңғақтарды жинау, дәрілік өсімдіктерді пайдалану, бал ара шаруашылығын жүргізу, демалыс пен туризм ұйымдастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу жатады. Мұндай пайдалану түрлері орман экожүйесіне салыстырмалы түрде аз зиян келтіреді және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Ұлттық парктердегі орманды жанама пайдаланудың басты ерекшелігі – оның қатаң экологиялық талаптармен шектелуі. Бұл аумақтарда табиғатты қорғау бірінші орынға қойылады. Сондықтан орман ресурстарын пайдалану тек белгіленген ережелер мен нормаларға сәйкес жүргізіледі. Кейбір аймақтарда, әсіресе қорықтық аймақтарда, кез келген шаруашылық әрекетке толықтай тыйым салынуы мүмкін.

Сонымен қатар ұлттық парктерде орман ресурстарын пайдалану үшін арнайы рұқсат алу талап етіледі. Парк әкімшілігі табиғи ресурстардың сақталуын бақылап, олардың шамадан тыс пайдаланылуына жол бермейді. Сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю жанама пайдаланудың бір түрі болып саналады. Шөп шабу және мал жаю үшін осы мақсатқа жарамды, мемлекеттік орман қорының құрамына кіретін ауыл шаруашылығына пайдаланылатын алқаптардың алаңдары бөлінеді. Сонымен қатар орманның табиғи немесе жасанды жаңаруына кедергі келтірмейтін, шөп шабуға дейін жақсарту шаралары жүргізілмейтін орман көмкермеген жерлер мен орман ішіндегі ашық алаңқайлар пайдаланылады.

Орман билетін алу үшін азаматтар белгіленген нысанға сәйкес www.elicense.kz порталы арқылы өтініш береді. Өтініш беруші орман пайдалану төлемақысының белгіленген ставкалары бойынша төлем жүргізуі тиіс. Мекемеге төлем төленгені туралы түбіртек ұсынылғаннан кейін орман билеті толтырылып, өтініш берушіге беріледі.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заңсыз мал жаю, шөп шабу, омарта орналастыру және басқа да жанама пайдалану түрлеріне рұқсат етілмейді. Мұндай әрекеттер үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қорыта айтқанда, ұлттық парктердегі орманды жанама пайдалану табиғатты қорғау қағидаларына негізделеді. Оның басты мақсаты – табиғи экожүйелердің тұрақтылығын сақтай отырып, орман ресурстарын ұқыпты және тиімді пайдалану. Мұндай тәсіл табиғатты қорғау мен қоғам қажеттіліктері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

 

 

Сайрам-Өгем МҰТП-нің

Орман пайдалану инженері: А.Жақып

Туристік бағыттар жөнінде ақпарат
Парк аумағында 11 туристік бағыт ұйымдастырылды, олардың паспорттары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі №93 бұйрығымен бекітілген.