Сайрам-Өгем мемлекеттік
ұлттық табиғи паркі

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман қорын сақтау, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық парк аумағында ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 157 га жерге орман екпелерін отырғызу жоспарланып, 2025 жылдың қорытындысымен 137,6 га аумаққа екпе жұмыстары жүргізілді.

2026 жылы Өгем және Төлеби филиалдарының орман қоры жерлерінде 9,8 га аумаққа 18 375 дана көшет отырғызылды. Сонымен қатар, 2024–2025 жылдары егілген 30 га орман екпелерін толықтыру үшін 15 159 дана көшет дайындалып, егілді. Бұдан бөлек, Өгем филиалының Өгем орманшылығында 2021–2023 жылдары отырғызылған 58,2 га азықтық плантацияны толықтыру мақсатында 6 645 дана алма және алмұрт көшеті отырғызылды. Аталған жұмыстар орман қорын молайтуға, жабайы жануарлардың қоректік базасын жақсартуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және табиғи ортаның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қорытындылай келе, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде атқарылып жатқан орманды қалпына келтіру және молықтыру жұмыстары орман алқаптарының көлемін арттыруға, табиғи ресурстарды сақтауға және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге нақты үлес қосуда. Алдағы уақытта да отырғызылған көшеттердің жерсінуі мен сақталуына тұрақты бақылау жүргізу, орман екпелерін толықтыру және жаңа жасыл алқаптар қалыптастыру жұмыстары жалғасын табады. Басты мақсат – ұлттық парктің табиғи байлығын сақтап, оны келешек ұрпаққа мол мұра ретінде жеткізу!

Ормандар мен өсімдіктер дүниесінің өсімін молайту бөлімінің инженері – С.Адилхан

Туристік бағыттар жөнінде ақпарат
Парк аумағында 11 туристік бағыт ұйымдастырылды, олардың паспорттары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі №93 бұйрығымен бекітілген.