Батыс Тянь-Шань таулары — Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан аса маңызды табиғи аймақтардың бірі. Бұл өңір Орталық Азиядағы ең бай биогеоценоздардың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Түркістан облысындағы бұл таулы аймақ өз құрамында сирек кездесетін, эндемикалық өсімдіктер мен жануарлар әлемін, сондай-ақ климат тұрақтылығы мен су ресурстарының сақталуына әсер ететін орманды экожүйелерді қамтиды. Алайда соңғы жылдары бұл ормандар экологиялық қауіп-қатерге ұшырап отыр. Батыс Тянь-Шаньдағы ормандар негізінен арша, емен, жабайы жеміс ағаштары (өрік, алма, алмұрт), бұталар мен шөптесін өсімдіктерден тұрады. Бұл ормандар бірнеше маңызды экологиялық қызмет атқарады: топырақты эрозиядан сақтау, атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіру, биологиялық алуантүрлілікті сақтау, су айналымын реттеу. Сонымен қатар бұл ормандар жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығына да маңызды (мал азығы, дәрілік шөптер, отын, т.б.). Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар орман қорын ұлғайту мақсатында арнайы бағдарламалар қабылдауда. Түркістан облысында «Жасыл Қазақстан», «Жасыл белдеу», «Таза Қазақстан» секілді бастамалар жүзеге асырылуда. Орманды қалпына келтіру әдістеріне - Көшет отырғызу: жергілікті климатқа бейімделген түрлер — арша, бадам, долана, өрік көшеттерін отырғызу; Топырақ қорғау шаралары: эрозияға қарсы террасалар мен қорғаныш жолақтар жасау; Су ресурстарын басқару: тамшылатып суару, уақытша су қоймаларын жасау. Ормандарды қорғауда жергілікті халықтың рөлі аса маңызды. Жергілікті қауымдастықтар мен мектептерде экологиялық тәрбие жұмыстарын жүргізу, еріктілер қозғалысын дамыту, орман шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлау — ормандардың болашағын сақтаудағы негізгі тетіктердің бірі. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер нәтижесінде климатқа бейім орман түрлерін анықтау, табиғи жаңару әлеуетін бағалау және аймақтық экожүйелердің орнықтылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуі қажет.