Сайрам-Өгем мемлекеттік
ұлттық табиғи паркі

​Республикада біздің Түркістан облысының табиғи ресурстарының алатын орны ерекше. Сарыарқа мен ұштаса біздің теріскейден арадағы құмдардан, жазық далалардан, ондағы тоғайлардан, тау алды жазықтардан  Тянь-Шань тауларына ұласып жатқан аймақта әртүрлі ормандар өседі. Олардың табиғатқа, экологияға және экономикаға әсері және адамзат үшін маңызы жоғары.  Тянь-Шань тау жүйесінің Қазақстандағы бөлігін құрайтын Талас Алатауы, Жабағылы тау, Иірсу-Дәубаба, Қаржантау, Өгем тау жоталары, қасиетті Қазығұрт пен Қаратау сілемдеріндегі биологиялық алуантүрлілік  өте күрделі, өте бай әрі көрінісі керемет.​

​Осы аймақта орналасқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлеріндегі тау ормандарын негізінен тау аршасы мен жабайы жемісті ағаштар құрайды.

​Жемісті ағаштар ормандары 4 мың гектарға жуық алқапқа тараған – олар сондағы шатқалдарда, жоталар мен беткейлерде, өзен, бұлақ бойларында,тау жартастарының алдында өседі. Жабайы жеміс ағаштарының біздің ұлттық паркте өсетін түрлері- жабайы алма, өрік, алша, грек жаңғағы, алмұрт, тау пісте, долана, ал бұталардан- қарақат, итмұрын, бөріқарақат. шырғанақ және басқалары. Сирек те болса жабайы жүзім кездеседі.

​Жеміс ағаштарының маңызы- баға жетпес. Бұл ормандардың азық-түліктік ролінен басқа сол жердің топырағындағы су қорын реттеуге әсері, гендік ролі, олардың мәдени сорттарын шығарудағы және басқа көптеген қасиеттері, әсіресе жемістерінің дәрілік қасиеті мол.

​Сондықтан да ұлттық паркте оларды сақтаудың, қорғаудың кешенді шаралары іске асырылуда. Әсіресе, өрттен қорғауға баса мән беріліп келеді. Сонымен қатар олардың гендік қорын сақтауға, молайтуға бағытталған шаралар жүргізілуде. Біздің парктің жерлері Грек жаңғағы мен тау пістесінің Орталық Азиядағы таралу ареалының ең солтүстік шекарасы болып есептеледі. Грек жаңғағының табиғи ормандары Өгем филиалының Бақ-шелпек орманшылығындағы Өзбекстанмен шекаралас жерлердегі шатқалдарда,  ал тау пісте Түлкібас филиалының Көкбұлақ учаскесі аумағында, Машат өзенінің бойындағы шатқалдарда  табиғи түрде өседі. Көкбұлақ учаскесінде тау пістенің плантациясы да бар.

​Парк аумағындағы филиалдарда өрік пен долана жеміс ағаштары кең таралған. Долананың екі түрі бар- жемісі ірі, сары болып келетін Понти доланасы, жемісі майда қызыл, қызғылтым түсті долана- Түркістан доланасы. Бұлар Қазақстанның тек оңтүстігінде ғана өседі.

​Жеміс ағаштарының ішінде жабайы Сиверс алмасының орны, қасиеті ерекше. Бұл алманың жабайы түрлері Жоңғар Алатауы , Іле Алатауы және Батыс Тянь-Шанның Қазақстандық бөлігінде өседі. Ол алма ағашы 1790-1800 жылдары Россияның Петербург қаласынан Жоңғар Іле Алатауына келіп зерттеулер жүргізген биолог, фармацевт, ғалым Сиверстің атымен аталған. Сиверс алмасының жемісі ақшыл, қызғылт- сарғыш, әртүрлі дәмі бар, көлемі жағынан үлкенді-кішілі. Бұл ағаштың  жемісі мен жапырағына ешқандай зиянды жәндіктер мен ағаш аурулары түспейді. Сиверс алмасының ағашы 150-200 жыл жасайды. Сол зерттеу басталғаннан бергі мерзімде оның дәні, бүршікті бұталары әртүрлі жолмен Европа, Америка елдеріне тараған.

​Қазір ғалымдардың зерттеулері бойынша  дүние жүзіндегі мәдени алма сорттарының түпкі атасы осы Сиверс алмасы екені дәлелденіп отыр.

​Сиверс алмасы Отанының бірі ретінде біздің ұлттық табиғи паркте оны қорғап сақтаумен қатар, бұл жабайы алманың гендік қорын сақтау және молайту шаралары іске асырылуда: Өгем филиалында 5 га жерде оның плантациясы, ал Түлкібас филиалында 2 га аумақта Сиверс алмасы клондарының архивтік учаскесі жасалды. Қазір олардағы ағаштардың, егілген көшеттердің өсуі- қанағаттанарлық. Алдағы уақыттарда бұл учаскелерден оның ұрығы (дәні) алынып басқа жерлерде және басқа тұқымбақтарда өсіріледі.

​Сонымен қатар біздің табиғи паркте жеміс ағаштарының мәдени сорттарын егіп бау жасауға да үлкен мән берілуде.

​1958-1972 жылдарда парктің Өгем филиалында егілген 319 га баудың 306 гектар бөлігі қурап ескіруіне (қартаюына) байланысты арнайы жобамен қайта жаңартылуда. Жаңарту 2015 жылдан басталып, 2017-2024 жылдар арасында 136 гажерде жаңадан жас баулар отырғызылды. Бұл учаскелерге алма мен алмұрттың әртүрлі жаздық, күздік, қыстық сорттарының көшеттері егілді. Олардың өсуі және жерсінуі- қанағаттанарлық дәрежеде. Бұл-ұлттық парктің облысымыздың азық-түлік қорына қосар үлесін арттыратыны сөзсіз.

​Қоры- та айтқанда, біздің оңтүстік өңіріндегі таулы ормандарда өсетін жабайы жеміс ағаштары- табиғаттың берген баға жетпес сыйы. Оларды сақтау барлығымыздың борышымыз.

Сайрам-Өгем МҰТП инженерлері: Ш.Қанат

А.Жақып 

 
Туристік бағыттар жөнінде ақпарат
Парк аумағында 11 туристік бағыт ұйымдастырылды, олардың паспорттары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі №93 бұйрығымен бекітілген.