Сайрам-Өгем мемлекеттік
ұлттық табиғи паркі

Сайрам-Өгем ұлттық паркінің қызметкері кәсібіндегі қызықтар жайлы айтып берді

Нұржан Сайрамбайұлының Сайрам-Өгем ұлттық паркінде аңшы-биолог қызметін атқарып келе жатқанына 14 жылдан асқан. Қорықшы қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданында дүниеге келген.

Azattyq Ruhy тілшісі 41 жастағы маманмен қорықшылық қызметтің барысы, спорттағы жетістіктері және қазақстандағы экологиялық мәдениеттің жай-күйі жайында әңгімелесті.

«Көкшетау университетінің «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» факультетін бітірдім. Дипломымды ала салып көп ұзамай, 2007 жылы Сайрам-Өгей ұлттық паркіне жұмысқа орналастым. Содан бері 14 жылдай уақыт өтті. Саябақта аңшы-биолог қызметін атқарамын. Ұлттық парктегі негізгі міндетім – жан-жануарларға қамқор болу, өсімін молайту, бақылау жұмыстарын жүргізу. Жыл сайын құрылатын арнайы биотехникалық жоспар аясында Қызыл кітапқа енген, еліміздегі сирек кездесетін жан-жануарларға жалақтар жасау, ұя салу және олардың бойында ауру бар-жоғын анықтау үшін фототұзақтар құрамыз. Қыста қар қалың жауғанда таудың жоғарғы белдеулерінде жүрген жануарлар төмен түседі. Көктемде олардың төлін санау арқылы саябақты мекендейтін жануарлардың көбейгенін немесе керісінше,  азайғанын бақылап отырамыз», - дейді қорықшы.

Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағы – 149 мың га. Мұнда Қызыл кітапқа енген жануарлар мен емдік қасиеті жоғары өсімдіктердің түр-түрі кездеседі.

«Паркте тұяқты жануарлардан Сібір таутекесі, Сібір елігі, жабайы доңыз мекендейді. Өте сирек кездесетін жануардың бірі – көк суыр (мензбир суыры деп атайды – авт.), сондай-ақ қар барысы, арқар, қоңыр аю, т.б. жануарлары бар. Олардың көбі жабайы және таудың биігін мекендегендіктен, өте сирек кездестіреміз. Жыртқыш аңдар көбіне жемтігін өзі тауып жейді.

Ал, қолға тез үйренетіні - жабайы доңыздар мен еліктер. Олар арнайы жемтік тастаған жерлерге келіп қоректенеді. Азық қойылатын жерге міндетті түрде жасырын камера орнатамыз. Сол арқылы жемтікке жабайы жануарлардың қаншасы келгенін, немесе одан басқа жаңа аң түрлері келіп жатқанын бейнежазбадан қарап, бақылаймыз», - дейді Нұржан.

«ҚАЗАҚСТАН СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ӨСІМДІККЕ БАЙ»

Ұлттық паркте ерекше жануарлардан бөлек, емдік қасиеті бар, тек Қазақстанда өсетін өсімдік түрлері көп. Солардың бірі – Қызыл кітапқа енген тауда өсетін жабайы пияз. Биологтың айтуынша, ол кәдімгі пияздан 10-20 есе ащы болады. Құз басында өсетіндіктен, оған адам қолы жете бермейді. Тек аюлар ғана көктемде тамырын қазып жейді екен.

«Жануарлардың тек пайдасы бар өсімдіктерді ғана қорек ететіні баршаға аян. Тағы бір сирек кездесетін өсімдік – «аюдың ақ дәрісі». Тіпті, ол туралы аңыз да бар. Баяғыда бір аңшының үсті-басын түгел жара басып, емін таба алмапты. Аңшы «бұлай қорланып өлгенше, таудың басына барып өлгенім дұрыс» деп сапар шегеді. Жарасы жанына батса да, тірі адам тіршілігін жасауы керек. Ол аю ұстамақ болып, оқ атады. Сонда жараланған аю жерден белгісіз бір шөпті жұлып, соны жарасына басып, әлденіп, сосын аңшыға жеткізбей қашып кетеді. Сонда аңшы аюдан көргенін істеп, сол шөпті денесіне басады. Арада бір-екі сағат өткеннен кейін аңшының үстіндегі жара қарақотырланып, жазыла бастаған екен. Содан кейін бұл өсімдікке халық «аюдың ақ дәрісі» деген ат қойып, емдік өсімдік аталып кеткен деседі», - деп аңыздан үзінді келтірді.

Бұл өсімдіктердің емдік қасиеті болса да, қолданысқа берілмейді және арнайы қорғауда.

«Тауға шыққан сайын мен үшін таңсық ерекше өсімдіктерді үлгі ретінде жинап, саябақтағы ғылым бөліміне тапсырып отырамын. Олар арнайы зерттеу жүргізіп, жаңа өсімдіктерді тізімге енгізеді. Қазір мұнда анықталған 200-ге жуық өсімдік түрі бар», - деп толықтырды ол.

Нұржан Сайрамбайұлы қорықшылық қызметтің қызығы мен шыжығы, бұл салада жұмыс істейтін адамның бойында болуы тиісті қасиеттерді атады. 

«Бізде сағат тоғыздан алтыға дейін деген қалыптасқан жұмыс режимі мүлде жоқ. Алдымен қараңғы түскенше шолу жұмыстарын бастайтын жерге жетіп алу керек. Паркке шолу жасап, түн ортасында немесе таң ата ораламыз. Апталап тау басына сапар шегіп, жануарлардың жағдайын бақылаймыз. Сапарға шықпай тұрып арнайы киім-кешек, тамақ, қару-жарақтармен жарақтанамыз. Тау-тауды аралап жүретіндіктен, көп жерде техника жүре алмайтын жерлер болады. Сондықтан мініске жылқы беріледі. Өзіме жануарлардың арасында жүрген қатты ұнайды. Жылдар бойы айналысқан жұмысым болғандықтан, мен үшін еш қиындық жоқ. Бұл қызметке тек жақсы көргендіктен, ерекше қызыққаннан келу керек. Себебі, бұл салада төзімділік керек», - деп түсіндірді жұмысы жайлы.

АЛЬПИНИСТЕР ЖАРЫСЫНДА БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНГЕН

Нұржанды әріптестері қорықшы ретінде ғана емес, тауға шығудан алдына жан салмайтын, тәжірибелі альпинистердің өзін басып озатын спортшы ретінде де бағалап, мақтан етеді.

«Тауға шығу - мен үшін аса қиын шаруа емес. Кішкентайымнан тау-тасқа өрмелеп үйреніп қалғанмын. Бұл жұмысқа келмей тұрып скайраннингпен, яғни тауға жылдамдыққа шығу спорты бойынша республикалық жарыс өтетінін естідім. Содан неге қатысып көрмеске деген ой келді. Жарыс 2001-2002 жылдар аралығында өтті. Ол кезде 20 жаста болатынмын. Сайрам-Су шатқалындағы биіктігі 3,2 мың метр «Альтус» шыңына шығу керек болды. Құтқарушы тобы бізді шың басында күту керек. Мен шыңға 1 сағат 55 минутта құтқарушылардан бұрын жалғыз өзім шығып, басқаларын күтіп алдым. Ойламаған жерден бас жүлде иеленіп, көптің ықыласына бөленген едім. Ал, екінші жылы бес минуттай кешігіп, 2 сағат дегенде биік шыңды бағындырдым. Кейін бұл спорт түрімен айналысуды мүлде қойып кеттім. Себебі, маған аң-құстардың ортасында болу маңыздырақ болды», - дейді қорықшы

ҚОҢЫР АЮМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЗДЕСКЕН СӘТ

Бес баланың әкесі Нұржанның отбасы отағасының үнемі тау басында жүргеніне әбден үйренгенін, әр сапарында тілеуін тілеп отыратынын айтады. Себебі, бұл қызметте адам өміріне қауіп төнетін сәттер де кездесіп тұрады.  

«Жабайы жануарлардың ортасында жүргендіктен, кейде қауіпті жағдайлар да кездеседі. Жыртқыш аңдардан қорғану үшін қару ұстаймыз. Қаруды тікелей қауіп төнген жағдай да ғана қолданамыз. Ойыма бір оқиға түсіп отыр. Былтыр қар барысына камера (фототұзақ – авт.) орнатпақ болып ақпан айының соңында тау басына шыққан едім. Сонда дәл алдымнан Тянь-Шань қоңыр аюы шықпасы бар ма? Аналық аю, ұйқысынан әдеттегіден ерте оянған. Екі қонжығымен жайылып жүр екен. Ұйқыдан енді оянған аюдың адамды немесе басқа аңды ажырату қабілеті өте төмен болады. Оның үстіне, аналық аюларда агрессия басым болады. Мені көрген аю екі қонжығымен маған қарай ұмтылды. Құздың ең биік жерінде тұрған едім. Айқайлап көмек сұрадым. Ешкім естімейді. Рация бір жерде ұстаса, бір жерде байланыс нашар. Қайда қашарымды білмей абдырап қалдым. Ені жақындай бергенде мылтығымды қолыма алып, аспанға қарата шүріппесін бірнеше рет басып жібердім. Атылған оқтың дауысын естігенде аю бірден тоқтай қалды. Абырой болғанда, аю қонжықтары үшін алаңдады ма, шегініп қаша жөнелді. Осылай бір өлімнен аман қалғаным бар. Қаруым болмаса, түгімді қалдырмас еді (күліп). Біздің қызметте мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Сондықтан қауіпсіздік үшін көбіне екі адамнан, үш адамнан топтасып жүреміз», - дейді Нұржан.

«ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ КӨТЕРУ ҚАЖЕТ»

Экологиялық мәдениетті көтеру керек деген Нұржан саябаққа келетін демалушылардың көбі тазалық шараларын мүлде ұстанбайтынын айтады. Және ол парктегі жануарларға сұғанақтық жасалатын кездер де болып тұратынын жасырмады.

«Қазір БАҚ-та да, әлеуметтік желілерде де заңсыз аң аулау мәселесі жиі көтерілетін болды. Негізі, аңшылық – ежелден ата кәсіп. Дегенмен, заңды түрде жасалатын аңшылықтан бөлек, оны табыс көзіне, оңай олжаға айналдырып алғандар көбейді. Біздің ұлттық паркте аңшылықтың кез келген түріне тыйым салынған. Десе де, кей кездерде сұғанақтың жағдайлары болып жатады. Бірақ өте сирек кездеседі. Жануарлардын қауіпсіздігі үшін барынша күресеміз. Қызыл кітапқа енген аңдарға зардап тигізсе бас бостандығынан айырылатын жеткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Одан бөлек, қазір экология мәселесіне немқұрайлы қарайтындар көп. Біздің ұлттық паркке келетін демалушылардың басым бөлігінің тазалықты мүлде сақтамайтынын көріп келеміз. Инспекторлар мен жұмысшылар күні бойы солардың артын тазалап, қоқыстарын жинап жүретін кездер болады. Әрине, бәрі мәдениетсіз деуден аулақпын, бірақ ондайлар жиі кездеседі. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда табиғатты қорғау бойынша мәдениетті дамыту керек деп ойлаймын. Меніңше, экологиялық мәдениетті қалыптастыру балабақша мен мектептерден басталуы керек. Оқу орындарында табиғатты қорғау жолындағы арнайы тәрбие жұмыстарыны жиі жүргізілуі тиіс.  Егер табиғатқа деген немқұрайлық жалғаса берер болса, жер беті қоқыс жәшігіне айналады», - деп әңгімесін аяқтады.

Жазып алған: Сағыныш Ибрагим

Туристік бағыттар жөнінде ақпарат
Парк аумағында 11 туристік бағыт ұйымдастырылды, олардың паспорттары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі №93 бұйрығымен бекітілген.